Жамбылдық қолөнершілер елдегі ең үлкен кілемді тоқып Қазақстанның рекордтар кітабына енді

111

Жамбыл облысының қолөнершілері қызғалдақ бейнесі салынған алып киіз кілем жасап, көпшілікті таңғалдырды.  

Жамбылдық қолөнершілер елдегі ең үлкен кілемді тоқып Қазақстанның рекордтар кітабына енді Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аумағы 200 шаршы метр болған бұл киіз кілемді 100 шебер үш ай бойы дайындаған, деп жазады inbusiness.kz сайты Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қолшеберлер барлығы бес түрлі қолөнер бірлестігінің өкілдері. Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған.

Алып кілем "Қызғалдақтар мұрасы" халықаралық фестивалі аясында жұртшылыққа алғаш рет таныстырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Киіз бұйым бірден Қазақстан рекордтар кітабына еніп, ерекше мәдени жетістік ретінде тіркелді.

"Қазақ халқының тұрмысында киіздің орны ерекше. Биылғы ақпан айының ортасында бес бірлестіктің 100-ге жуық өкілі осы жобаны жүзеге асыру үшін бас біріктірді. Шығармашылық топ қызғалдақ бейнесі салынған ерекше өнер туындысын жасау үшін күні-түні еңбек етті", – дейді "Qoloner Taraz" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Күндызбаева.

Айта кетейік, рекордтар кітабына енген қолөнершілердің киізі арнайы шынымен қапталып, халықаралық "Әулие-Ата" әуежайына табыс етілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу