Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылына 5 пайызды құрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарламаға өтінім қабылдау 2025 жылдың қазанында басталған болатын. Бүгінгі күні 2429 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіден 312,4 миллиард теңге көлемінде өтінімдер іріктелді. Қазіргі уақытқа дейін 200 миллиард теңге сомасына 1879 өтінім қаржыландырылып, 2,4 миллион гектар егіс алқабы қамтылған.
Сонымен қатар, "Даму" қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігі іске асырылуда, ол несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 86 миллиард теңге сомасына 526 кепілдік берілді.
– "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес 1 қазанда басталды.
Қаржыландырудың ерте басталуы диқандарға 2026 жылдың егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Қаражат жанар-жағармайды тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталмақ, – деп жазды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты.
Жеңілдікті қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге ғана емес, сонымен қатар орақ науқанына және маусымдық шығындарды өтеуге де қолжетімді болмақ. Қаражат ел бойынша Аграрлық несие корпорациясының өңірлік бөлімшелері және серіктес қаржы ұйымдары арқылы беріледі.