2018 жылғы олимпиадаға қатысуға үміткерлер тізімі жасалды

949

2018 жылғы олимпиадаға қатысуға үміткерлер тізімі жасалды

Бүгін ҚР үкіметіндегі баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков 2018 жылы Пхёнчхан қаласында (Корея) өтетін XXIII қысқы олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Вице-министрдің сөзінше, 2018 жылғы олимпиадаға 80-нен астам елден 5 мыңнан астам спортшы мен ресми өкіл қатысады. 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы ойнатылады.
Қазақстан тоғыз спорт түріне қатысуды жоспарлап отыр. Олар: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл (акробатика, могул).
Сәкен Мұсайбеков осыған дейінгі қысқы олимпиадаларда Қазақстан ұлттық құрама командасы 7 медаль жеңіп алғанын еске салды. Олардың ішінде -  бір алтын, үш күміс және үш қола медаль бар.
Сондай-ақ, вице-министр бүгінгі таңда ұлттық құраманың биатлоннан - 10, мәнерлеп сырғанаудан - 3, шорт-тректен – 10 лицензиясы бар екенін айтты. Лицензияларды жеңіп алу 2018 жылдың 30 қаңтарына дейін жалғасады.
"Қазіргі таңда біздің спортшылар әлем кубогының жарыстарына және коньки спорты, биатлон, тау шаңғысы, шана спорты, трамплиннен секіру бойынша халықаралық шаңғы спорты федерациясының жарыстарына қатысып жатыр", - деді Сәкен Мұсайбеков.
Министрлік 2018 жылғы олимпиадаға қатысуға үміткерлер тізімін жасады. Тізімде 9 спорт түрінен 50 спортшы бар.
Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің ережелеріне сәйкес, ресми делегация спортшылар санының 50%-ынан аспауға тиіс.
Спикер алдағы олимпиада кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарыстар туралы ақпаратты жедел жариялауға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу