2020 жыл – Волонтер жылы

7356

200-ден астам волонтерлік ұйым 50 мыңнан астам адамның басын біріктіріп отыр.  

2020 жыл – Волонтер жылы

Биыл тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланды. Аталмыш жыл аясында қандай ауқымды жобалар жүзеге асырылатыны бүгін белгілі болды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ел аумағындағы 200-ден астам волонтерлік ұйым 50 мыңнан астам адамның басын біріктіріп отырғанын мәлімдеді. 

"Біз волонтердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне қосу және жоғары оқу орындарына, колледждерге түсу кезінде волонтерлік қызметті есепке алу мүмкіндігін қарастырамыз", – деді Дәурен Абаев.

Оның сөзінше, ел аумағында 7 жалпыұлттық жоба аясында волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылады. 

"Білім" жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылады. "Сабақтастық" жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасайды. "Саулық" жобасы адамдарға медициналық көмек көрсетуге ықпал етуді, ал "Таза әлем" жобасы 
қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтады. "Асыл мұра" жобасы аясында волонтерлер мәдени-тарихи мұраның қорғалуы мен сақталуына атсалысады. "Қамқор" жобасы шеңберінде еріктілер қарттар үйлеріндегі адамдарға қол ұшын созады. Ал "Үміт" жобасы арқылы волонтерлер хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздейді", – деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Дәурен Абаевтың айтуынша, жоғарыдағы жобаларға шағын гранттар бөлінеді. 
"Жергілікті міндеттерді шешу үшін аталған жобалар аясында 300 мың теңгеге дейін шағын гранттар қарастырылады. Корпоративтік волонтерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес-сектормен байланыс орнатылады. Бүкіл әлемде бұл феномен мейнстримге айналған. Біздің елде волонтерліктің мұндай түрі әзірге танымал емес, бірақ атап өтуге лайықты жекелеген мысалдар бар", – деді министр. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу