2020 жылы қандастарға 1900 квота бөлінеді

1753

Шетелден Қазақстанға қоныс аударатын қазақтарға бөлінетін квота саны 200-ге азайтылады.

2020 жылы қандастарға 1900 квота бөлінеді Фото: sputniknews.kz

Қазақстандағы көші-қон процестерін талқылаған республикалық дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келер жылы қандастарға бөлінетін квотаның санын атады.

"2019 жылы шетелдегі қандастардың жұмыс күші тапшыл өңірлерге қоныс аударуы үшін 2100 квота бөлінген болатын. Ал 2020 жылы 1900 квота қарастырылған. Бұл қандас бауырларымыздың келуіне шек емес. 100 мың болса да келе береді. Әркімнің еркіндігін сақтауымыз керек. Келген қандас Шымкентте тұрам десе, сонда тұра алады. Ал квота Петропавл сияқты солтүстіктегі жұмыс күші аз өлкелерге барып тұруға беріледі", – деген министр қандастарды жұмыспен қамту шаралары жыл бойы қалай ұйымдастырылғанына тоқталды.

"Елімізге келіп жатқан қандас бауырларымыз "оралман" мәртебесін алғаннан кейін, азаматтық алғанға дейін, одан кейін де еңбек етуге Қазақстандағы тұрғылықты азаматтармен бірдей құқыққа ие болады. Сондықтан біздегі мемлекеттік бағдарламаларға қалауы бойынша қатысып жатыр. Мысалы, биыл елімізге бала-шағасымен қосқанда 13 мың қандас келді. Сол кісілердің  ішінде 2000-ға жуығы біздің бағдарламаға қатысты. 1070 қандасты бос жұмыс орнына орналастырдық. 260-тай адам шағын несие алып, кәсіпкер болып кетті. Тағы бір 100-ге жуық қандас қысқа мерзімді оқуларға жіберілді. Сондықтан ол кісілер қазақстандықтармен бірдей осы мүмкіндіктерді пайдаланды. Қандастарымызды ерекше бөліп оқытайық деген шаруа жоқ", – деді Біржан Нұрымбетов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу