2022 жылы әлем бойынша 55 мың IT маман жұмыссыз қалды

794

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ең көп сұранысқа ие мамандық IT саласында еді. Ал қазір қысқартуға ұшыраған мамандықтар бойынша топ бастап отыр.  

2022 жылы әлем бойынша 55 мың IT маман жұмыссыз қалды Фото: egemen.kz

COVID-19-дан басталғалы бері техниктердің жұмыстан босатылуын бақылайтын Layoffs.fyi платформасы мәліметтеріне сәйкес,  2022 жылы бүкіл әлем бойынша 964 технологиялық компания 149876 қызметкерді қысқартты, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл 2020 мен 2021 жылдар көрсеткішін бірге алғанда, барлығы 530 компания 95991 адамды жұмыссыз қалдырған кезеңнен екі есе көп.

Сондай-ақ, кем дегенде 58 компания бүкіл штатты, тағы 5 - қызметкерлердің 80%-дан астамын, тағы 96 мекеме - 50%-дан астамын жұмыстан шығарғаны белгілі. Кейбір компаниялар қанша қызметкердің қысқартуларға ұшырағаны туралы мәліметтерді жарияламады.

Биыл қызметкерлерін белсенді қысқартқан компаниялар арасынан ең танымал, көзге көрінген 9-ын ерекше атап өтуге болады.

Coinbase: 19%, 1150 адам.

Ең үлкен криптовалютаның басшылығы штат адамға толып кеткенін айтып,  криптодағы ауыр күндерден аман-есен өту үшін оны қысқарту керек деп мәлімдеді.

 

Snap: 20%, 1280 адам.

Бір кездері өте танымал Snapchat қосымшасын жасаушылар қиын кезеңді бастан кешіруде — акциялар 80%-ға төмендеді, сондықтан біраз адамды жұмыстан шығаруға тура келді. Дәлірек айтсақ, AR Spectacles көзілдірігі мен Pixy камерасы бар дрон үшін жауап беретін бөлім зардап шекті.

 

Peloton: 20%, 2800 адам.

Жаттығу жабдықтарымен айналысатын американдық компания барлық деңгейлерде қысқартулар жасады. Себебі тренажерлар негізінен үйде емес, жаттығу залдарында қолданылады, ал жаттығу залдары пандемияға байланысты ұзақ уақыт шектеулермен жұмыс істеді. Өнімге деген сұраныс төмендеп, қайта қалпына келмейді.

 

Carvana: 20%, 4000 адам.

Экономикалық проблемалар автокөлік нарығына да әсер етті, оның ішінде Carvana — пайдаланылған автомобильдердің маркетплейсі де зардап шекті. Сол үшін кейбір қызметкерлер жұмыстан шығарылды.

 

Bolt: 27%, 240 адам.

Бағаланған құны шамамен $11 млрд болатын Bolt қызметін бір рет басу арқылы төлеуге мүмкіндік беретін стартап жоспарланған пайда көрсеткіштеріне жеткізбеді, қысқартулар жүргізілді.

 

Kraken: 30%, 1100 адам.

Жақында әрбір үшінші қызметкері жұмыссыз қалатын тағы бір криптовалюта. Басшылық бір жыл бұрын сауда-саттықтың анағұрлым үлкен көлемі болғанын және клиенттерге сапалы қызмет көрсету үшін қосымша қызметкерлерді жалдауға тура келгенін түсіндіреді. Қазір сауда-саттық бұрынғы деңгейге оралды, сондықтан IT-мамандарға деген сұраныс та азайды және оларды қысқартуға тура келді.

 

Robinhood: 32%, 1000-нан астам адам.

Мұнда мәселе басқа: қаржы компаниясының басшысы Влад Тенев "2021 жылғы дүрбелеңде" қызметкерлерді шамадан тыс жалдағанын мойындады. Енді артық адамдардан арылуға тура келген.

 

Twitter: 50%, 3700 адам.

Twitter ішіндегі өзгерістер компанияны Илон Маск сатып алғалы басталды. Келмей жатып қызметкерлердің 75%-ын қысқартамын деген Маск ақыры 50%-ын жұмыстан шығарды.

"Twitter-ді дұрыс жолға салу үшін  әлемдегі жұмыс күшімізді қысқартудың күрделі процесін бастан өткереміз. Бұл Twitter-ге құнды үлес қосқан кейбір адамдарға әсер ететінін мойындаймыз, өкінішке орай, мұндай қадам компанияны алға жылжыту үшін қажет", – делінген кейбір қызметкерлерге жіберілген электрондық поштада.

 

Meta: 13%, 11 мың.

Сонымен тоғыздықтың ішінен бірінші орынды Марк Цукербергтің туындысы, әзірлеушілерге ең жоғары жалақы төленетін, әр бағдарламашы жұмысқа тұрғысы келетін Meta компаниясы иемденді. Twitter-мен салыстырғанда, Meta-дағы өзгерістерді ешкім байқамады десек те болады, былай қарап тұрсаң бар болғаны қызметкерлердің 13%-ы ғана, ал сандық жағынан назар аударар болсақ 11 мың адам жұмыссыз қалған. Әрине, антирейтингте топ жаруға әбден лайық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу