Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өрт маусымына дайын болмаған өңірлердегі орман шаруашылықтарын атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман шаруашылықтары және "Семей орманы" резерваты өрт маусымына дайын болмады. Министрлік тексеріс нәтижелері бойынша облыс әкімдіктеріне осы жылдың 15 сәуіріне дейін, анықталған кемшіліктерді жою және техника мен жеке құрамды толық жауынгерлік әзірлікке келтіру бойынша талаптар ұсынды", - деді Ерлан Нысанбаев.
Өрттердің қазіргі жағдайына келетін болсақ, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4831 га құрайтын 32 орман өрті тіркелді.
"Өткен жылдардағы ірі орман өрттерін талдау нәтижесіне сәйкес олардың туындауының негізгі себептері: өрттің даладан ауысуы мен құрғақ найзағай, ал таралу себептері: алшақтық, жетуге қиын жерлер және жол желісінің болмауы", - деді Экология және табиғи ресурстар министрі.
Айта кету керек, осыған дейін орман қоры аумағындағы ең ұзын шекара Ресей елімен екенін жазғанбыз. Биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады деген болжам жасалды.