2024 жылы бірқатар өңірде ауыз су тарифі қымбаттайды

391

Жаңа жылдан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде ауыз су тарифі қымбаттайды.

2024 жылы бірқатар өңірде ауыз су тарифі қымбаттайды Фото: Inbusiness.kz

Қарағанды тұрғындары үшін бір текше метрі - 11 пайызға, Астанада -12, ал Қостанайда 14 процентке өседі, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бағамды шарықтату арқылы кәсіпорындар тозған инфрақұрылым мен ескірген желілерді жаңалауды көздеп отыр. Жалпы, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы қаншалықты тиімді? Неліктен сарапшылар бұған күмәнмен қарайды?

Жаңа жылдан бастап Астана тұрғындары бір куб ауыз суға 58 теңгенің орынына 66 теңге төлейді.  "Астана су арнасы" әзірлеген тарифтер жобасында, суды бұру қызметінің де бағасы көтерілетіні айтылған. Мекеме басшысының дерегінше, бұдан түскен қаражат тозған инфрақұрылымды қалпына келтіру мен жаңа құрылғылар сатып алуға жұмсалмақ.

"Су желілерін, кәріз желілерін ауыстырған кезде бір үлкен қондырғы бар. ГНБ деп айтады. Орысша айтқан кезде горизонтально направленное бурение дейді. Сондай бір үлкен қондырғы алайын деп отырмыз. Ол қаланың келбетін, жаңағы асфальтын, брусчаткасын бұзбай 100 метр, 300 метр жердің астымен өзі бұрғылап, жаңадан құбыр, жаңа желілер салған кезде өзінің себебін тигізеді", - дейді  "Астана су арнасы" МКК бас директоры Табиғат Зейнұлқабден.

Қарағандыда тұрғындар үшін ауыз су 11 пайызға қымбаттаса, Қостанайда 14 пайызға көтеріледі. Яғни, Қостанай халқы жаңа жылдан бастап бір куб ауыз су үшін 77 теңгенің орынына 87,78 теңге төлейді.

 "Қостанай су" кәсіпорыны алдағы жылы инвестицияға 6 млрд теңге құяды. Соның 5 млрд теңгесі жергілікті әкімдіктердің қаржысы. 1 млрд теңге тұтынушылардың тарифінен түскен пайдадан жиналады. Әкімдік инвестицияға 5 млрд теңге бөлген соң бюджеттік ұйымдардың тарифі жаңа жылдан бастап 30 пайызға арзандайы", - дейді "Қостанай су" МКК директорының орынбасары Гаухар Қожбанова. 

Қостанайда ауыз су тарифін 2026 жылға дейін, жыл сайын көтеріп отыруға 2022 жылы рұқсат берілген. Мұндай мүмкіндікке "тарифті инвестицияға айырбастау жобасы" арқылы қол жеткізді. Ал, экономисттер жалпы осы жобаның тиімділігіне күмәнмен қарайды.

"Осыдан 7-8 жыл бұрын "тарифті инвестицияға айырбастау" жобасын жүргізгенде ескі құрылымды жаңалауға аса көп мөлшерде қаржы құйылған жоқ. Жүздеген, миллиардтаған ақша салынса нәтижесі болар еді. Бұл жобаның сәтсіз бастама екеніне ешкім мән де беріп жатқан жоқ", - дейді экономист Марат Қайырленов.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде инфлияцияның биыл 10 пайызға өсуіне негізгі себептің бірі коммуналдық тарифтердің қымбаттауы түрткі болған. Ал "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Яғни, бұл жоба бойынша әлі 6 жыл бойы коммуналдық тарифтер үздіксіз өседі деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу