Биыл Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өтті, деп жазды inbusiness.kz сайты.
"2025 жыл елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды", – деп жазды Руслан Желдібай.
Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көргенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдаған.
Сенімді экономикалық өсім
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келеді.
Елімізде жалпы құны 1478,1 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға берілді. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін береді. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды.
2025 жылы Президент Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін, Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автокөлік зауытын іске қосты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты.
Бұдан бөлек, қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында бірқатар жоба іске қосылды.
Еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамыту
Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді.
2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым.
Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады. Бұл еліміздің көлік әлеуетін дұрыс пайдаланып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.
Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін нығайту
Аграрлық саланы дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Президент атап өткендей, "Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн".
Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану, судың тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, агроөнеркәсіпті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, саланы цифрландыру, өнімді терең өңдеу секілді бірқатар негізгі міндеттерді айқындады.
Жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 миллиард теңгеге жетті. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артты.
Биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты.
Бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылады.
Агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады.
Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Ел қамбасын толтыруға барлық өңір атсалысты.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту
Президент биылғы Жолдауында Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойған еді.
Еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды.
"Жасанды интеллект туралы" Заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді.
Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Президент шілде айында Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосты. Қараша айындағы тестілеу нәтижесінде аталған жүйе суперкомпьютерлердің әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды.
"Қазақтелеком" АҚ Алматыға екінші Al‑Farabium суперкомпьютерін жеткізді. Ол жаһандық рейтингте 103-орынға табан тіреді.
Президент, ең алдымен, білікті мамандар даярлауға баса мән беру қажет деп санайды. Сондықтан елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құруды ұсынды.
Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды.
Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді.
Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық "сыңармүйіз" стартап – Higgsfield AI пайда болды. Бұл да айтулы оқиға.