2025 жылға дейін елімізде миллион отбасы баспаналы болады

1000

2025 жылға дейін елімізде миллион отбасы баспаналы болады

2025 жылға қарай миллионға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болып, 100 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде,  баспанамен қамтамасыз ету жан басына шаққанда 21-ден 25 шаршы метрге дейін артады.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, сондай-ақ, отандық сарапшылар қауымдастығы өкілдері қатысқан жиында айтылды, деп жазады egemen.kz.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес,  алдағы уақытта дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелерін бөлу жолымен дербес тұрғын үй құрылысын дамытуды, жеке түрғын үй құрылысын салушыларды ынталандыруды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үйлердің аймақтық қорларын құруды,  коммерциялық банктердің ипотекалық несиесін арзандатуды көздейтін "Нұрлы Жер" бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар,  кездесуде жоспар бойынша, мемлекеттің экономикадағы үлесі 2020 жылы 15  пайызға дейін азаятыны, ал ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2020 жылы 30,  2025 жылы 35 пайызды құрайтыны айтылды.

Қуандық Бишімбаев  2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын әзірлеуге де ықпал ететінін жеткізді. Мәселен, аталған бағдарлама бойынша шағын несиелеу көлемі кеңейтіліп, несие ресурстарына қолжетімділік артады, қарыздарды кепілдендіру және субсидиялау қолға алынып, берілген шағын несиелер бойынша жобаларды қолдау, кепілсіз несие беру,  жұмыспен қамтамасыз етудің ұлттық тұғырнамасы жасалмақ. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай, 1 миллионға жуық кәсіпкер жеке  ісін ашуға немесе  кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алады. Оның ішінде 500 мың жаңа бизнес өкілі пайда болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу