2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді

602

1,2 миллионнан астам азамат жұмыспен қамтылады. 

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді Фото: primeminister.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысында үкіметтің 2019 жылы атқарған жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берген үкімет басшысы Асқар Мамин төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыруға және халықты қолдауға бағытталған жедел әрі шұғыл шаралардың 2 топтамасы қабылданғанын еске салды. 

Премьер-министр шара шеңберінде әлеуметтің осал тобына материалдық көмек көрсетіліп, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізілгенін, банк несиелері бойынша төлемдер уақытша тоқтатылғанын, салық және басқа да міндетті төлемдердің мерзімі кейінге шегерілгенін айтты. Сонымен қатар дағдарыс жағдайында жеке сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу және бизнесті ынталандыру шаралары қабылданғанын баяндады. 

Сөз арасында ол жыл соңына дейін түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1,2 миллионнан астам азамат жұмыспен қамтылатынын жариялады. 

Белгілі болғандай, жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы аясында 6,5 мыңнан астам жоба іске асырылып, 255 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Үкімет басшысының сөзінше, қазір үкімет 2020 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр. Кешенді жоспар іскерлік белсенділікті ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шараларды қамтиды. 

"Биыл 1 тамызға дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Ол еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды. Жаңа экономикалық шынайылық ортамерзімді перспективада елдің сапалы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық саясатқа түбегейлі өзгеріс енгізуді талап етеді", – деді Асқар Мамин.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу