2025 жылы елімізде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 млн тоннаға жетті

211

Мемлекет басшысы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады.

2025 жылы елімізде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 млн тоннаға жетті Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2025 жылы атқарған жұмысы мен биылғы міндеттері жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Асхат Хасеновтің айтуынша, былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалды. Turkish Petroleum Corporation, BP, Хорват көмірсутегі агенттігі секілді ірі халықаралық кәсіпорындар еліміздегі перспективті учаскелерді зерттеуде.

Президентке "ҚазМұнайГаз" компаниясы бұған дейін кең көлемде зерттелмеген және жіті көңіл бөлінбеген аумақтарда геологиялық барлау жүргізуге ерекше ден қойғаны жөнінде баяндалды. 2025 жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталды, ал 2029 жылға дейін тағы 24 іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.

Мемлекет басшысына ұсынылған есепке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 миллион тоннаға жетті. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, көгілдір отын өндіру көлемін жылына қосымша 2,3 миллиард текше метрге ұлғайту үшін Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Былтыр "ҚазМұнайГаздың" үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 миллион тонна шикізат өңделді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 миллион тоннаны құрады (2024 жылғы көрсеткіштен 1,2 миллион тоннаға артық).

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу саласындағы жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын "Кендірлі" теңіз суын тұшыту зауыты пайдалануға берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және ірі инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруға қатысты міндет жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу