2026 жылдан бастап зейнетақы жарналарын төлемегендердің банк шоттары бұғатталады

204

Қаулы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.  

2026 жылдан бастап зейнетақы жарналарын төлемегендердің банк шоттары бұғатталады Фото: gov.kz

Үкімет міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу мен аударудың жаңа ережелерін бекітті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Түзетулерге сәйкес, енді кәсіптік зейнетақы жарналары қызметкердің ай сайынғы табысының барлық түрінен, яғни салық кодексінде көзделген кірістердің негізінде есептеледі.

Дегенмен салық салудан босатылған төлемдер бұл есепке кірмейді.

"Өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге және интернет-платформа арқылы табыс табатын тұлғаларға да қатысты. Олар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей аудару тәртібі мен мерзімі белгіленді", – делінген құжатта. 

Сонымен қатар жарналарды уақтылы төлеуді бақылау тетіктері күшейтілді. Егер міндетті немесе кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып кетсе, мемлекеттік кірістер органдары 5 жұмыс күні ішінде қарыз туралы хабарлама жібереді.

"Қарыз өтелмеген жағдайда, хабарлама тапсырылғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде борышкердің шоттары мен кассалық операциялары бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін", – делінген қаулыда. 

Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер бұрынғыдай өз қаражаты есебінен кәсіптік зейнетақы жарналарын ай сайын аударуға міндетті болып қала береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу