Мәжіліс депутаты Абзал Құспан құзырлы органдардан "бизнестің цифрлық картасы" қашан дайын болатынын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сұрағымның мәні бірыңғай цифрлық порталға қатысты. Яғни, бизнестің цифрлық картасы дейміз. Бұл туралы өзінің қосымша баяндамасында Нұртай Сабильянов та ұзақ уақыттан бері ашылмай келе жатқандығын атап өтті. 2016 жылы "бизнестің цифрлық картасы" ашылатын болды деп алғашқы демонстрация жасалғанына да келесі жылы 10 жыл толайын деп отыр екен. Осыған байланысты сұрағым мынадай. Осы бизнестің цифрлық картасына он жылдың ішінде қанша қаражат бағытталды? Неге он жыл бойы ашылмай келді, 2026 жылы ашыла ма, жоқ па?", – деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бірінші сұраққа жауап берді.
"Біздің негізгі ұстанымымыз – жыл сайын мемлекет тарапынан бизнеске 1 трлн теңгеден астам әртүрлі қолдау шаралары көрсетіледі. Біздің есептеуіміз бойынша, бес жылдың ішінде 5,5 трлн теңгеге әртүрлі шаралар жасалды. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, ол 3,5 трлн теңге, бірақ бұл жерде салық жеңілдіктері және арзандатылған аренда крмейді. Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат бизнеске бөлінетін болса, онда бұл қаржы қолжетімді болуы керек. Сондықтан мұндай бірыңғай платформаның болғаны жөн деп есептейміз. Egov сияқты бизнес үшін де портал болуы керек. Жалпы цифрландыруға жыл сайын қомақты ақша бөлініп жатыр. Нақты "бизнестің цифрлық картасына" қанша қаражат бөлінгенін біз бөлек жазбаша түрде берейік", – деді Ә. Смайылов.
Депутаттың сауалына байланысты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де өз пікірін білдірді.
"Шынымды айтсам, менде "бизнестің цифрлық картасына" он жыл болғаны туралы ондай ақпарат жоқ. Себебі осы цифрлық карта бизнестің, "Атамекеннің" өзінің ойлап тапқан бастамасы. Менің білуімше, "Атамекеннің" ішінде ол әлдеқашан пайдаланылды. Бұл – сервистік карта. Біз келесі жылы нақты өзіміздің eGov Business-пен қосамыз, өйткені бизнестің цифрлық картаның ішінде бүкіл сервистік қолдау болады. Сол себепті ол маңызды. 2026 жылы eGov Business пен "бизнестің цифрлық картасы" арасында нақты жұмыс басталады", – деді министр.
Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшін тұстарын айтқанын жазғанбыз. Депутат орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқанын жеткізді.