Елімізде криптоайырбастау пункттері клиенттердің операциялары туралы МКК-ге есеп береді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2026–2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтерді сатудан түскен табыстарды ЖТС-дан босатылады.
2026 жылғы 1 мамырдан бастап елде криптовалюта айырбастау пункттерінің қызметіне рұқсат етілді.
"Цифрлық активтер нарығы қарқынды дамып келеді. Сондықтан бизнес үшін де, азаматтар үшін де бірдей болжамды болатын түсінікті әрі ашық қағидаларды қалыптастыру маңызды. Салық органдары үшін де бұл жаңа бағыт, және біз оны нарық қатысушыларымен бірлесіп дамытуға дайынбыз", – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтер нарығының қатысушыларымен Астанада өткен жиында айтылды. Кездесуде қатысушыларға Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасы ұсынылды.
Атап айтқанда, цифрлық активтер қызметтерін көрсетушілерді клиенттердің операциялары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндеттеу ұсынылады.
Сонымен қатар азаматтарды 2026-2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтерді сатудан түскен табыстарды ЖТС-дан босату көзделген.
Комитет өкілі атап өткендей, МКК міндеті – бизнеске қосымша жүктеме түсіру емес, түсінікті және автоматтандырылған ақпарат алмасуды жолға қою. Мұндай тетік қазірдің өзінде қолданылады, тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына АХҚО цифрлық активтер биржалары мен майнинг пулдары ұсынады.