Монреаль қаласында өтіп жатқан ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ делегациясының басшысы, АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі ассистенті Дэниел Дж. Эдвардстың кездесуі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнату перспективалары, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері болды.
Кездесу барысында Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың желтоқсан айында Майами қаласында (АҚШ) өтетін G20 саммитіне шақырылғаны атап өтілді.
Қазіргі уақытта қазақстандық тарап АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қыркүйек айында америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, жақсы көрсеткіштерді атап өте отырып, алдын ала нәтижелерді ұсынды.
Сондай-ақ әңгіме барысында 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейс ашу жоспарлары сөз болды.
"Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізудеміз. Елдеріміз арасында жасалған "Ашық аспан" туралы келісім осы бастаманы іске асыру үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Біз АҚШ-тың авиациялық билік органдарымен сындарлы өзара іс-қимылды жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдердің таяу болашақта аяқталуына сенім артамыз", – деп атап өтті Талғат Ластаев.
Кездесуде қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелері паркін жаңарту мәселесі де атап өтілді. Мәселен, Air Astana әуе компаниясы 2026–2027 жылдары АҚШ-қа ұшуларды ұйымдастыру кезінде пайдалану жоспарланып отырған үш Boeing 787 Dreamliner әуе кемесінің жеткізілуін күтуде.
Бұдан бөлек, 2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 33 әуе кемесін жеткізу туралы келісімдер жасалды. Аталған келісімдерге ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жұмыс сапары барысында қол жеткізілген болатын.
Вице-министр тікелей әуе қатынасын іске қосу қазақстандық-америкалық қатынастарды дамытудағы маңызды кезеңге айналатынын, іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және Орталық Азияның Америка Құрама Штаттарымен көліктік байланысын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар тікелей әуе қатынасын іске қосу және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін қажетті практикалық мәселелерді шешу бойынша сындарлы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіліктерін растады.