Еуропалық Одақ комиссиясы төтенше жағдайларда 27 мүше ел арасындағы әскер мен әскери техниканың жылдам қозғалысын қамтамасыз ететін жаңа "Әскери мобильділік пакетін" таныстырды. Жоспар 2027 жылға қарай "әскери Шенген кеңістігін" қалыптастыруды көздейді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Анадолы" агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңа бастама ЕО елдері арасындағы әскери тасымалға қойылатын қазіргі бірнеше апталық бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай қысқартуды мақсат етеді. Құжатқа сәйкес, мүше мемлекеттер әскери мобильділік туралы сұрауларға қалыпты жағдайда 3 күн, ал төтенше жағдайда 6 сағат ішінде жауап беруі тиіс.
Жоспардың негізгі тармақтары:
- Төтенше жағдайларда көлік ережелерін жеңілдету;
- Әскери бөлімдер мен техниканы шекарадан жедел өткізуге арналған бірыңғай ережелер енгізу;
- Кедендік рәсімдерді қысқарту;
- "EMERS" – әскери мобильділікке арналған Еуропалық жедел әрекет ету жүйесін құру;
- Инфрақұрылымды екі мақсатты стандартқа (азаматтық + әскери) сәйкестендіру;
- Стратегиялық нысандардың кибер және энергетикалық қауіпсіздігін күшейту;
- "Цифрлық әскери мобильділік жүйесін" және "ынтымақтастық қорын" қалыптастыру.
ЕО Комиссиясы бұл бастама Одақ пен НАТО аясындағы бірлескен операцияларға жол ашып, Еуропаның қорғаныс қабілетін арттыратынын атап өтті.