Қазақстанда 2026-2028 жылдары 3,6 миллионнан астам "ақылды" су есептеу құрылғыларын орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Отандық және халықаралық сарапшылармен бірге 5 қаладағы – Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинсктегі су арналары қызметінің бағалануы жүргізілді. Нәтижесінде процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындалды және біртұтас цифрлық шешімдерді және кезең-кезеңімен енгізуді қарастыратын техникалық-экономикалық негіздемені дайындау үшін техникалық тапсырма әзірленді. Сумен жабдықтау аспаптарын орнату бойынша өтінімдерді қалыптастыру мақсатында әкімдіктер мен табиғи монополия субъектілерімен жұмыс жүргізілуде", – деді Қуандық Қажкенов.
Оның сөзінше, 2026-2028 жылдары 3,6 миллионнан астам "ақылды" су есептеу құрылғыларын орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет Басшысы халыққа жолдауында су саласында халықаралық тәжірибе мен біліктілікті қолдануды, соның ішінде басқарушы компанияларды тартуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында өткен жылы жетекші еуропалық және азиялық басқарушы компаниялармен келіссөздер жүргізілгені айтылды.
"Нәтижесінде әлем бойынша тәжірибесі бар ең ірі халықаралық желілік операторлар – Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап өтетіні, бұл формат активтерді беру емес, мемлекет бақылауын сақтай отырып, басқарушылық компетенциялар мен халықаралық үздік тәжірибелерді тартуға бағытталған", – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Вице-министр қазіргі уақытта бірнеше азиялық компаниялармен келіссөздер жалғасып жатқанын жеткізді.