Сапар барысында автожанармай құю станциясы мен мұнай базасының қызметі зерделенді. Іс-шараға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Қазақстанның отын қауымдастығы мен "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ өкілдері қатысты.
Нысандарды аралау кезінде қатысушылар мұнай өнімдерін өлшеу және есепке алу жүйелерін, сондай-ақ жанармайды қабылдау, сақтау және босату тәртібін қарастырды.
Кездесуде есепке алу мәліметтерінің дәлдігін қамтамасыз ету, ақпаратты автоматты түрде жеткізу, ақпараттық жүйелерді өзара біріктіру және мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық бақылау тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар "ҚазМұнайГаз" алаңында Қаржы министрлігінің өкілдері мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен мұнай өнімдерінің қозғалысын бақылауға және талдауға арналған цифрлық құралдар таныстырылды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар Digital Qazaqstan стратегиясының басым бағыттарының бірі – энергетикалық ресурстардың қозғалысын толық цифрландыру міндетін орындауға бағытталған. Осы бағытта мұнай өнімдерінің цифрлық бақылаумен қамтылу деңгейін 2026 жылы 20 пайызға, 2027 жылы 60 пайызға, ал 2028 жылы 80 пайызға жеткізу жоспарланған.
Мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап жанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын бірыңғай цифрлық жүйе арқылы есепке алу деректердің сәйкестігін қамтамасыз етуге, ықтимал айырмашылықтарды дер кезінде анықтауға, ресурстар шығынын қысқартуға және саладағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің ашықтығын арттыру және мемлекеттік басқару тиімділігін күшейту мақсатында мұнай өнімдерін есепке алу мен бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін құру жұмыстарын жалғастырады. Сонымен бірге салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және заманауи аналитикалық құралдарды енгізу бағытындағы шаралар қолға алынбақ.