2050 жылға қарай елдегі жұмыс күшінің саны шамамен 11,4 млн болады

592

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы аясында "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ  Қазақстан бойынша 2050 жылға дейін ұзақмерзімді демографиялық болжам дайындаған, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2050 жылға қарай елдегі жұмыс күшінің саны шамамен 11,4 млн болады

Статистикалық деректер мен модельдеу негізінде сарапшылар 2030 жылға қарай жұмыс күшінің саны 9,7 млн адамға жетіп, 2040 жылы бұл көрсеткіш 10,7 миллионды құрайды, ал 2050 жылға қарай 11,4 миллионға дейін өседі деп есептейді.

Бұл ретте, болжамдық негізгі сценарий бойынша 2030 жылға қарай елдегі халқы саны шамамен 20,7 млн адамды құрайды, 2040 жылға қарай аталған көрсеткіш 22,9 млн адамға дейін жетіп, ал 2050 жылға қарай 25,5 млн адамға дейін өседі деп күтілуде.

"Болжамға сәйкес 2030 жылға қарай туудың жоғары деңгейі мен халықтың қартаюына байланысты жұмыс күшінің халыққа пайыздық қатынасы 46,7%-ға дейін төмендейді. Бұл экономикалық белсенді халыққа жүктеме өсетінін білдіреді", – деді ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Сондай-ақ, өз болжамында ЕРДО сарапшылары 2050 жылға қарай халық санының өңірлік сәйкессіздігінің күшейетінін атап өтті. Тұрғындар санының ең көп өсуі республикалық маңызы бар қалаларда күтіледі: Нұр-Сұлтан – 2,7 есе (1,9 миллион), Алматы – 1,8 есе (1,6 миллион) және Шымкент – 2,4 есе (1,5 милллион).

Бұдан басқа, Маңғыстау облысының халқы екі есеге (1,4 млн адамға дейін), Түркістан облысында 500 мыңға (2,5 миллионға дейін), ал Алматы облысында 700 мыңға (2,8 миллионға дейін) көбеюі ықтимал.

Ағымдағы туу, өлім-жітім және көші-қон коэффициенттері тұрғысында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының біртіндеп төмендеуі байқалатын болады. Алайда, мысалы, егер жалпы туу коэффициенті көрсетілген аймақтарда уақыт өте келе айтарлықтай өсіп, тұрғындардың қоныс аударуы төмендесе (этникалық құрылымының өзгеруіне және нақты кірісінің артуына байланысты), онда осы аймақтардағы халық саны тұрақтануы мүмкін.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу