Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Санжар Әділов бұған дейін министрліктің тәртіптік комиссияның шешімімен Шымкент қаласының полиция бастығы, оның орынбасары қызметінен босатылғанын атап өтті.
"Зардап шеккен бойжеткеннің арызы бойынша шара қолданбаған және материалды номенклатуралық іс ретінде тіркеген кейбір лауазымды тұлғалар теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғап, Шымкентке іссапармен жіберілді", – деді вице-министр Сенат кулуарында.
Айта кету керек, бұған дейін Нұрайдың өлімінен кейін Шымкенттің полиция бастығы мен оның орынбасары қызметінен кеткенін жазғанбыз. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қаза болуынан кейін қабылданды.
Президент 21 жастағы Нұрайдың өліміне байланысты Ішкі істер министріне тапсырма берді.
Ведомство Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруі тиіс екені белгілі болды. Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу ісіне министрліктен мамандар жіберілді.