"Қазгидромет" 23 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елдің солтүстік, орталық және батыс өңірлерінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл күтіледі.
Ең күрделі жағдай Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында болжанып отыр. Бұл өңірлерде жел екпіні 15-28 м/с-қа дейін күшейіп, найзағай мен бұршақ болуы мүмкін.
Оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады. Түркістан облысында күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтерілсе, Жамбыл облысында 38-40 градус, Алматы, Жетісу, Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарында 35-38 градус ыстық күтіледі.
Шығыс Қазақстанда өткінші жаңбыр мен найзағай болжанса, Абай облысында күшті жел мен 35 градус ыстық сақталады.
Сондай-ақ көптеген өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланды. Әсіресе Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз құбылыстары кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады.