Бұл туралы Бас прокуратураның ресми парақшасында жария етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта Степногорск қаласының прокуратурасы балалардың құқығын қорғау және әлеуметтік саладағы заңдылықты сақтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
– Алимент төлеуден қасақана жалтарған екі борышкер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылып, оларға 300 сағаттық қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, жеті борышкер ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 2-ден 5 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алынды, – делінген Ақмола облысының прокуратурасы жариялаған ақпаратта.
Қадағалау шараларының нәтижесінде кәмелетке толмаған балалардың пайдасына 23 миллион теңгеден астам мөлшерінде алимент өндірілген.
Прокуратура екі жеке сот орындаушының қызметінде табыстарын төмендетіп көрсету арқылы салық төлеуден жалтару түрінде бұзушылықтар барын анықтады. Қадағалау актісінің нәтижесінде олардан бюджетке 855 мың теңге өндіріліп отыр. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы бұзғаны және жұмыстағы олқылықтары үшін алты сот орындаушыға тәртіптік жаза қолданылып отыр.
Прокуратура қабылданған шаралар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға және сот орындаушылары қызметіндегі заңдылықты нығайтуға мүмкіндік беруде.