"237 мың бала есепте тұр": ерекше білім беру саласына 3 мың маман жетіспейді

469

Ең жоғары қажеттілік Астана және Алматы қалаларында байқалады.

"237 мың бала есепте тұр": ерекше білім беру саласына 3 мың маман жетіспейді Фото: kaz.inform.kz

Ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала есепте тұр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеу және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 541 арнайы ұйым мен 11 мың арнайы педагог жұмыс жасайды. 

"Қазіргі уақытта 3 008 арнайы маман жетіспейді. Ең жоғары қажеттілік Астана (530), Алматы (305)  қалаларында, Түркістан (300), Маңғыстау (219), Алматы (209) облыстарында байқалады. Бұл мәселені шешу үшін 9 колледжде 500 логопед, 6 колледжде 200-ден астам педагог-ассистент даярлануда", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Алдағы үш жыл ішінде еліміздің өңірлерінде жаңа үлгідегі  20 арнайы мектеп салу жоспарланып отыр.

Қыркүйек айында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ведомствоаралық кешенді жоспар қабылданды.  

"Министрлік бірқатар шараларды іске асырып келеді. Біріншіден, білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін арнайы жабдықталған кабинеттер ашу көзделді. Бұл кабинеттерде сабақтар өткізуге, сенсорлық реттеуге және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған функционалдық аймақтар қарастырылады. Екіншіден, жүктемесі жоғары өңірлер мен шалғай аудандарда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) желісін кеңейту және бір ПМПК ашу нормативін 50 мың баладан 30-40 мың балаға дейін төмендету ұсынылады. Үшіншіден, оқушылар, педагогтер, ата-аналар және қоғам арасында әр баланы қабылдауға, құрметтеуге және оған тең мүмкіндік беруге негізделген инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың жаңа тәсілдері пысықталуда", – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар 2026-2028 жылдары Алматы қаласы, Абай және Қостанай облыстарының әрқайсысында бір мектепте педагогикалық бақылауға негізделген инклюзивті білім беру моделін пилоттық жоба аясында енгізу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бұған дейін тергеу изоляторында қанша бала отырғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу