24 орман мекемесіне өртті ерте анықтайтын жүйе орнатылады

496

Орман өрттерін уақытылы анықтауға 10 облыста 14 тікұшақ пен 3 ұшақ жұмылдырылған.  

24 орман мекемесіне өртті ерте анықтайтын жүйе орнатылады Фото: gov.kz

Қазақстанда облыс әкімдіктері мен мемлекеттік орман иелеріне өртті сөндіру үшін күштер мен құралдарды толық жауынгерлік әзірлікке келтіру тапсырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Спикердің айтуынша, биыл материалдық-техникалық жарақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа өрт сөндіруге қажетті 49 автоцистерна, 19 шағын патрульдік кешен, 32 трактор, 29 бірлік патрульдік автомашина сатып алу жоспарда бар.

35 млрд теңге сомасына лизингтік қаражат есебінен 168 өрт сөндіру автоцистернасын, 75 доңғалақты тракторды және 163 шағын орман-патрульдік кешенін сатып алу көзделген.

Мемлекеттік орман иелеріне 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 186 бірлік өрт сөндіру автоцистерналарын, 247 бірлік доңғалақты тракторларды, 186 бірлік доңғалақты тракторларды, 186 бірлік шағын ағаш патрульдік кешендерді сатып алу жоспарлануда.

"Елімізде өртті ерте анықтау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазіргі уақытта бұл жүйе орман қорының 1 млн 300 мың га аумағын қамтып отыр. Түтіннің таралуын тану функциясы бар 127 камера орнатылған. Жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесі 24 орман мекемесінде іске қосылатын болады. Бүгінгі таңда "Семей орманы" резерватында сапалы тексеруден өтетін 37 камера орнатылған. Олар тамыз айында пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесін 5,4 млн га алқаптағы орман қорының аумағында орнату көзделген", – деп мәлімдеді Мақсат Елемесов.

Бұдан өзге стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының базасында тәулік бойы ТЖМ, Экология министрлігі, "Қазгидромет" және "Қазақстан ғарыш сапары" бірлесіп, елдегі өрт қауіпті жағдайға мониторинг жүргізіледі. Өрт туралы барлық ақпарат осы орталыққа жіберіледі.

Орман өрттері туындаған жағдайда өрттерді модельдеу режимі енгізіледі. Яғни, қызметкерлер өрттің 1 сағаттан кейін, 2-3 сағаттан кейін қалай дамитыны туралы ақпарат алады. Бұл күштер мен құралдарды қайта топтастыруға және қызметтерді өрт орындарына қосымша бағыттауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу