25 мың теңге қайда?

1150

Аналар наразылыққа шықты.

25 мың теңге қайда?

Ақтауда көпбалалы аналар оқу жылы қарсаңында үкіметтен берілетін қаражатты ала алмай, облыстық әкімдікке барды. Балаларды мектепке дайындау үшін берілетін ақша қыркүйектің ортасы болса да, аналардың қолына тимеген. 

Көпбалалы аналардың балалары 1 қыркүйекте лентасы қиылған Ақтаудағы жаңа мектептің оқушысы. Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға оқу жылына байланысты әр балаға берілетін 25 мың теңгені алмаған болып шықты. Сондықтан да облыстық әкімдіктен жауаптыларды іздеп барды. Өйткені, мектеп басшылығы да, әлеуметтік педагог те қаражат қандай жолмен тағайындалатынын дұрыс түсіндірмеді дейді. Аналар "қыркүйектің жартысы өтті, әлі күнге дейін балалардың не киімі жоқ, не оқу құралы жоқ" деп ашулы. 

"Басқа мектептер алып жатыр. Бізге неге осы уақытқа дейін берілмейді? Балаларымызды киіндірейік. Кітап, мектеп құралдарын алмасақ, бәрі қымбат. Мектепке даярлық сыныбына көп ақшамыз кетті. Киіндіре алмай жатырмыз. Мектепке тапсырға құжаттарымыз өтпей қалды",- дейді көпбалалы ана Ақбөпе Бойдақова.

Әкімдік алдында біраз шу шығарған аналармен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары тілдесті, бірақ мұндай мәселеден хабарсыз болып шықты. Жиын барысында білім бөлімінің басшысы бұл жағдайда құжаттарды дұрыс қабылдамаған мектептің кінәсі екенін ашық айтты. Яғни, көпбалалы, аз қамтылған отбасы әуелі жұмыспен қамту орталығынан өзінің санатын дәлелдейтін анықтама алып, сонан соң мектепке тапсыруы керек. Осыдан кейін ғана әр балаға берілетін 25 мың теңгені алу жөнінде мектепке арыз жазуы қажет екені түсіндірілді.

Ақтау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Тоты Күлмекенова:

"Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдарында осы санатқа жататын аналарға толықтай қаражат бөлініп тұр. Тек осы ата-аналар өзінің санатын анықтап берген жағдайда ақша бірден аударылады",- дейді. 

Бір топ аналар бір жолғы 25 мың теңгені көп баласы бар отбасының бәріне тең беру керек дейді. Ал білім бөлімінің басшысы қазан айының соңына дейін мәселе шешіліп, ақша толық тапсырылады деп сендірді.

Алмас Қылыш
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу