1999 жылы Павлодар қаласында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген азамат Мәскеуде қолға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Павлодар облысының криминалдық полиция басқармасы прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген адамдарды анықтау және ұстау бағытында жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Осы жұмыстар аясында Ресей ІІМ-нің жедел қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде Мәскеу қаласында ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды. Ол 1999 жылы Павлодарда жасалған қарақшылық шабуылдан кейін құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген.
Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжановтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 10 айында барлығы 82 қылмыскер іздеуде болған. Оның 62-сі биыл полицияның аумақтық бөлімшелері тарапынан іздеуге жарияланған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген 73 адам анықталды. Олардың арасында адам өлтіргені үшін іздеуде болған бір адам, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін ізделген үш адам және тонау деректері бойынша іздеуде болған тағы үш адам бар.
Сонымен қатар облыс аумағында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан 31 адам анықталды. Ал Қазақстаннан тыс жерлерде, шетел мемлекеттерінің аумағында жасырынып жүрген жеті қылмыскердің жүрген жері белгілі болды.
Ведомствоның мәліметінше, іздестіру жұмыстары полиция қызметінің басым бағыттарының бірі саналады. Бұл бағыттағы шаралар қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған адамдарды анықтап, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі.