Алматы қаласының полиция департаменті әл-Фараби даңғылында болған жол апатының мән-жайын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні болған. Апат орнынан түсірілген бейнежазба желіде тарады.
"Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аталған баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ZEEKR маркалы автокөліктің жүргізушісі даңғыл бойымен қозғалу барысында қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, "Мерседес" автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды", – делінген ресми ақпаратта.
Күдікті дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта күзеттің бақылауымен медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалатын болады.
"Айта кету қажет, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталып, материалдар сотқа жолданды, көлік құралдары айыппұл тұрағына қойылды. Ешкім де заң алдындағы жауапкершіліктен жалтармайды.
Оқиғаға қатысты бейнебақылау камераларындағы, оның ішінде жеке камералардағы жазбалар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. Қазіргі таңда олар жан-жақты зерделеніп жатыр. Сонымен қатар, жүргізушінің алкогольдік немесе өзге де мас күйде болған-болмағанын анықтау мақсатында медициналық куәландыру тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланатын болады. Бұдан бөлек, жүргізушіге қатысты Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың өзге де деректері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды", – деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Тергеу амалдары Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында және толық көлемде жүргізілуде.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды. Кінәлі тұлғалардың барлығы заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны хабарланды.