Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қашан қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл ағымдағы жылы және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Осылайша, халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Оны іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуге толық жәрдем көрсетуі қажет", – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Жаслан Мәдиев әкімдіктерге өз өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға және айыппұл салуға өкілеттіктер берілгенін баса айтты. Оның сөзінше, ауылдарға интернет тартумен қатар, ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық желісін салу жұмыстары жүргізілуде.
"Бұл "Соңғы миль" жобасы деп аталады. Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі", – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.