3 облыста қарақұмық алқабы қысқарған

1542

АШМ жемшөп, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың алқаптарын ұлғайтпақшы.

3 облыста қарақұмық алқабы қысқарған

Егінге қолайсыз жаз биыл қамбаға түскен астықтың көлемін кемітіп кетті. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Ақтөбе мен Маңғыстаудан басқа өңірлердің бәрі жемшөп дайындау бойынша бекіткен меморандумдарын толық орындамаған. 

"Еліміздің жекелеген облыстары үшін өткен жыл қысылтаяң болды. Атап айтқанда, 2019 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша 17,4 млн тонна астық бастырылды, бұл 2018 жылғы деңгейден 2,9 млн тоннаға немесе 14,3% төмен. Шілде-тамыз айларында қалыптасқан аптап ыстық ұзақ жаңбырлармен ауысып, нәтижесінде жиналған өнім көлеміне де, сапасына да әсер етті. Жалпы негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының көпшілігі бойынша өндіріс көлемі мен өнімділіктің орташа өсуін атап өтуге болады", – деген Айдарбек Сапаров биыл егіс алқабы былтырғыдан 240 мың гектар артық болатынын атады. 

"2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га жерге орналастыру жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 240 мың га артық. Майлы, жемшөп, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың алқабы ұлғайтылатын болады. Өткен жылы қарақұмық алқабы 2018 жылмен салыстырғанда 29,4 мыңға қысқарғанын айта кету керек. Алқаптардың күрт қысқаруы Шығыс Қазақстан (11,7 мың га), Павлодар (9,2 мың га), Қостанай (7,0 мың га) облыстарында байқалды. Бұл қарақұмық жармасының құнына әсер етіп, барлық өңірлерде оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Осыған орай, аталған жарма дақылының алқабын оның әлеуметтік маңыздылығына байланысты ұлғайту қажет деп санаймыз", – деді вице-министр.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу