20 жастағы жігітті бір топ адамның тепкілегені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Туыстарының сөзінше, жанжал күндіз көкпарда басталған. Ал кешке таман оны күдіктілер жеке сөйлесуге шақырған. Сол жерде жігітті 25-30 адамнан тұратын топ жабылып ұрып-соққан. Оқиға орнында түсірілген бейнебақылау камерасынан да көпшіліктің бір адамды қоршап алып, соққыға жыққанын анық байқауға болады.
Соққыға жығылған азаматты белгісіз адамдар айдалаға апарып тастаған. Жәбірленуші тек 2 сағаттан соң табылып, бір апта бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Жақындарының мәліметінше, әлі де жігіт толық сөйлеп, куәлік беруге қауқарсыз.
Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
– Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, барлық қажетті шаралар жүргізілді. Қақтығысқа қатысушылар мен куәгерлер анықталды. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген хабарламада.
Полиция жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 2 жергілікті тұрғынның күдікті ретінде ұсталғанын айтты.
– Сот шешімімен ұсталғандарға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, жәбірленуші туыстарының айтқан уәждері де тексерілуде, – делінген ресми ақпаратта.
Дәрігерлер жігіттің жағдайы жақсарғанын хабарлады. Қазір ол медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында.