Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан ауданға қайтаруға қарсылық білдірді

213

Заң жобасына қатысты түзетулер екінші оқылымда қаралмақ.      

Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан ауданға қайтаруға қарсылық білдірді Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біздің Қазақстанның мектептерінде қазір 4 млн бала оқып жатыр. Ашығын айтқанда, олар мұнда қандай заңдар қабылданып жатқанын білмейді. Олар бұл түзетулерге қарсы шыға алмайды, бірақ олардың әрқайсысының тағдыры біз осы залда қабылдайтын мына бір заңға тікелей байланысты. Мәселе неде? Проблема мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындыруда. Бұл – 4 млн баланың болашағына қатысты шешім", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов мектептерді аудан әкімдеріне бағындырайық дегенде айтылатын басты уәж туралы айтты.

"Аудан әкімдеріне жергілікті жерде ықпал ету тетіктері аз дейді. Әкімдіктерге билік берейік дейді. Жақсы, дұрыс, келісемін. Онда жүйелі болайық, нағыз билік берейік оларға. (...) Егер басты мәселе әкімдіктерге билік беру болса, неге біз АҚШ-тағыдай әкімдіктерге салықты бермейміз? Неге полицияны бермейміз? Өйткені бәрі бұған жол беруге болмайтынын түсінеді. Ол жерде мемлекеттің болаттай берік вертикалі әділ жүйе болу тиіс. Сонда неге біз әкімге салықты немесе тәртіп орнатуды сеніп тапсырудан қорқамыз да, 4 млн баланың болашағын оп-оңай бере саламыз?", – деп атап өтті ол.

Мәжілісмен аудандық әкімдіктерде де, қалада да, облыста да жұмыс істегенін еске салды.

"Ескі басқару жүйесінде мектеп әрқашан басымдықтар тізімінің ең соңында тұратын. Біз білім саласын осындай күйге қайтарғымыз келе ме, жоқ па? 2021 жылғы реформа не берді? Біріншіден, облыстық вертикаль жүйенің 30 жыл бойы көрмеген аудитіне айналды. Ондаған жылдар бойы жасырылып келген жемқорлық схемалары әшкереленді, ауданға қайтару осы жүйеге қайту дегенді білдіреді", – деді депутат.

Реформаның нәтижесінде білім беру феодализмі жойылғанын атап өтті.

"...Біз педагогті қорғадық. Жылдар бойы мұғалімдерді "массовка" ретінде жұмысқа жегетін, оны білеміз. Реформадан кейін мұғалім ақыры сабақ бере бастады, директор мектепті басқара бастады. Төрт жылда нақты нәтиже, ал оған дейін 30 жылда ше? Тіпті болмаса гибридті модельді қарастырайық. Білім мазмұны облыста қалса, ол кадрлар, директорды тағайындау, аттестация, методология, оқу бағдарламалары. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мектеп директоры "завхоз" болмауы керек, ол бас мұғалім болуы керек. Ал шаруашылық қана әкімдерде қалсын, жылу, жарық, санитария, жөндеу, құрылыс. Оны берейік, әкім инфрақұрылымға жауап берсін. Бірақ бұл түзетулер толығымен барлығын көшіріп беруді меңзеп отыр", – деді депутат.

Халық қалаулысы келесі фейкті жоққа шығарды.

"Аудандық білім бөлімдерін ешкім ешқайда жойған жоқ, олар бар. Олар жұмыс істеп тұр. Директорлар ешқайда шапқылап жүрген жоқ, олар аудандық әкімдікпен жұмыс істейді. Өзгерген жалғыз бір мәселе бұрын білім бөлімі аудандық әкімге бағынса, енді ол облыс әкіміне немесе облыстық білім басқармасына бағынады. Сол әкімдіктерден ешқайда алысқа кеткен жоқ. 30 жыл бойы мектептер аудан әкімдіктеріне бағынды, 30 жыл бойы мұғалімдер "массовкада" болды. Енді дәл сол жүйеге қайту, әрине, дұрыс емес шешім. Тарих ештеңені ұмытпайды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу