300-ден астам тұрғын баспанасыз қалды

475

Атырауда баспанаға миллиондарын салған 300-ден астам тұрғын жер сипап қалды. 

300-ден астам тұрғын баспанасыз қалды Фото: Крыша

"Saraishyq Development" құрылыс компаниясының өкілдері қаржы қолдарына тиген соң, жұмысты орта жолда қалдырған. Қазір 4 бірдей тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Ашынған жұрт: "мәселеге биліктегілер мен құзырлы органдар араласып, ықпал етсе",- дейді. Тіпті, президентке де хат жазған.

Жиналған бұл тұрғындар "Saraishyq Development" құрылыс компаниясына 2019 жылы қаржы салған. Алды 3 жыл бұрын қоныс тойын тойлау керек еді. Алайда жұмысты аяқтауға құлықсыз болғандардың кесірінен әлі күнге дейін пәтерден пәтерге сабылуға мәжбүр.

"200-300 адам ақшаларын салды. Ол ақша қайда? Не ақшамыз жоқ, не үйіміз жоқ. Біз несиеге баттық. Мен өзім салып жатқан бір үйімді сатып  жібердім де ақшасын осында салдым. Өзім қазір пәтер жалдап отырмын. Бұлардың ешқандай қимылы жоқ әлі, білмеймін неге екенін", дейді үлескер Самат Салахидденов.

Әлеуметтік желіде жарнамасын жайнатып, салымды жинап алғандардың әу баста әкімдіктен де рұқсаты болмапты. Соған қарамастан қалада 4 тұрғын үйдің құрылысын бастаған.

Қазір 4 тұрғын үйде де жұмыс толық тоқтап тұр. Нысан маңында шыбын ызыңы да білінбейді. Бір қызығы пәтерлер әлеуметтік желіде әлі сатылып жатқан көрінеді.

Ақ қараны анықтау мақсатында құрылыс компаниясының өкілдеріне хабарластық. Бірақ байланысу мүмкін болмады. Есесіне базынасы бар бұқарамен кездесуге әкімдіктегілер келді. Билік өкілдері баспананы аяқтауға міндетті емеспіз дейді. Бірақ мойындарына алыпты. Сараптама қорытындысы шыққасын, инвестор іздеуге кіріспек.    

"Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жұмыстары жүріп жатыр. Қорытынды алғаннан кейін инвестор іздейміз. Басқарма тарапынан инвестор іздестіруге, халыққа көмектесуге жұмыстар жүргізіп жатырмыз", дейді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Рустем Макибаев.  

Биліктегілер қолғабыс етеміз дегенімен, баспананың нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Тұрғындар проблеманы жылы жауып қоймаймыз деп отыр. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевқа да хат жазыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу