31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі баланың жәрдемақысы өседі

1027

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов 7 жас пен 16 жасқа дейінгі балалар мүгедектік тобы бойынша бөлінетінін мәлімдеді. 

31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі баланың жәрдемақысы өседі

"Өмір сүру мен денсаулықтың халықаралық сыныптамасына сәйкес 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік тобы бойынша бөлу көзделіп отыр. Бұл шара балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшерін сараланған түрде белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғаяды. Жаңашылдық 31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты болады", – деді министр.

Серік Шапкеновтың сөзінше, бұл норма Байқоңырда тұратын мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де оң әсер етеді. Мұнда 207 бала қамтылады. 

Министрдің айтуынша, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу құқығын беру тетігі жетілдіріледі. 

"Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған норма енгізілген кезде 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қоса асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады. Қазіргі уақытта олар таңдауы бойынша жәрдемақының бір түрін ғана алып отыр", – деді Серік Шапкенов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу