15 күн бұрын ғана "Қайрат" қақпашысының инстаграм парақшасында небәрі 10 мың оқырман бар еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәл қазір оның оқырмандары 320 мыңға жетіп отыр.
"Спортингпен" ойындағы сейвтері мен 11 метрлік айып добын қайтаруы Шерхан Қалмырзаның болашағына жол ашты. Ал 30 қыркүйектегі азуын айға білеген "Реал Мадридпен" өткен матчтан соң оған 17 миллион жазылушысы бар қақпашы Тибо Куртуаның өзі жейдесін табыстап, бірге түскен фотосын жария етті. Мұнан Шерхан Қалмырзаның танымалдығы одан сайын арта түсті деуге болады. Ол әлеуметтік желіде көпшілікке алғыс айтып, жазба да жариялады.
"Жанкүйерлеріме көп рақмет! – деді 18 жастағы қазақ қақпашысы тарихи ойыннан түсірілген суреттерді жүктеп.
Жазбаға алғашқылардың бірі болып келесі жылы "Челсиге" аттанатын Дастан Сәтбаев ("Қайраттың" шабуылшысы) пікір қалдырған.
Кеше 18 жастағы қақапашы Шерхан Қалмырза Еуропаның үздік қақпашыларының қатарына енгенін жазған едік. Одан бөлек, белгілі кәсіпкер оған су жаңа көлік сыйлады.