4,5 млн теңге: Павлодар облысындағы кен орнында қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі

Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. 

4,5 млн теңге: Павлодар облысындағы кен орнында қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі Фото: Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі

Кеше Павлодар облысындағы кен орындарының аумағында топырақ опырылып түсіп, құтқарушылар отырған автобус 150 метрлік шұңқырға түсіп кеткен еді. Бүгін оларды іздеуге кинологтар та қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Оқыс оқиға орын алған аумақ әлі де қауіпті. Пайда болған шұңқырда тастар құлап, топырақ опырылып жатыр. Бұл құтқарушылардың жұмыс істеуіне, әріптестерін іздеуіне қиындық тудырып отыр. Соған қарамастан жұмыс тұралап тұрған жоқ. Бүгін сағат 06:00-де Астана қаласы ТЖД кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмыстары қосылды. 

Кеше кешкісін жергілікті әкімдік 24 жасар Сарқыт Берліқан мен 53 жастағы Олег Тышкевичтің денесі табылғанын хабарлаған еді. Оқиға орнында құрылған жедел штабқа жетекшілік ететін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов марқұмдардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына "Майқайың-алтын" АҚ және КӘАҚҚ РОШ тарапынан әрбір отбасына 4.5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетін болады. Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Қаза болған екі құтқарушының отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат болсын", - деді аймақтың басшысы. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта іздеу жұмыстарына барлығы 116 адам мен 23 техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар вице-министрі, облыс және аудан басшылығы оқиға орнында жағдайды бақылауға алды. 

Әзірге құтқарушылар мінген автобус не себепті, қай шақырту бойынша опырылған аумаққа қарай бағыт алғаны белгісіз. Құзырлы органдар бұған қатысты ресми мәліметті ұсынған жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу