4 баланы өрттен құтқарған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді

701

Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылында болған өрт кезінде тәртіп сақшысының өзі де зардап шеккен. 

4 баланы өрттен құтқарған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді Фото: видеодан қиып алынды

Полиция бөлімінің аға инспекторы Әділ-Қаһар Кәдіров таңертеңгісін жұмысына бара жатып, жақын маңдағы үйлердің бірінің жанып жатқанын көрген. Ол бірден үй иесін айқайлап оятып, үш баланы қауіпсіз жерге шығарып үлгереді. Ал, түпкі бөлмеде қалған бесінші балаға жетем деп, қою түтіннің арасына қайта кірген кезде, өзі де есінен танып қалған.

"Кіре берісте үш бала отырды, ар жағында қыз бала тұрды. Оларды дереу тысқа шығардым. Сол жерге келген көрші келіншек бір баланың түпкі бөлмелердің бірінде қалып қойғанын айтты. Екінші мәрте кірген кезде, қою түтіннен ол жаққа жете алмай қалдым. Артынша өрт сөндірушілер де жедел келіп үлгерді. Олар терезені сындырып, баланы алып шықты", -деді ол.

Әділ-Қаһарға да дәрігерлердің көмегі қажет болған. Жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді. Алғашқы көмектен кейін ол үйіне жіберілді. Қазір қызметінде жүр. Өкініштісі, түпкі бөлмеде қалып қойып, ең соңынан құтқарылған 4 жасар баланың жағдайы ауыр. Ол санавиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір жан сақтау бөлімінде ем алып жатыр. 

"Баланың жағдайы ауыр. Жоғары дәрежедегі көміртегі тотығымен уланған. Тыныс жолдары күйген. Өз еркімен дем ала алады. Бірақ біз жасанды дем алу құрылғысын салып қойдық. Ем алып жатыр, толықтай сауығып кетеді деп үміттеміз", - деді Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу