"4 млн теңге шашқан": Тойға барған ақтөбелік депутаттың басы дауға қалды

150

Тойдан түсірілген бейнежазба желіде тарады. 

"4 млн теңге шашқан": Тойға барған ақтөбелік депутаттың басы дауға қалды Фото: Бейнежазбадан

Әлеуметтік желіде еліміздегі тойлардың бірінде түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Кадрларда Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиевтің беташар қоржынына 4 миллион теңге салғаны бейнеленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аслан Қайырғалиев – Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты. Кейбір БАҚ-та оның әкесі Ойыл ауданының әкімі екені туралы мәлімет тарады. Тойдан түсірілген видео желіде тарады. Бейнежазбаға Аслан Қайырғалиевтің 4 миллион теңгені беташар қоржынына салған сәті түсіп қалған.

Бұл ретте Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясы депутатқа сөгіс жариялады.

Өз кезегінде Аслан Қайырғалиев желідегі парақшасында болған оқиғаға қатысты түсінік берді. 

"Бұл менің бала кезден бірге өскен жақын досымның тойы болатын. Видеода барша достардың атынан жиналған сыйлықты тарту сәті көрсетілген. Мен тойда жігіт жолдас болғандықтан, сыйлықты салу сәті маған ұсынылды. Жалпы бұл менің өз қаражатым емес, барша достардың атынан жиналған тарту болатын. Сол жердегі іс-әрекетім, яғни ақшаны санау сәті көзге оғаш көрінгенін енді түсініп жатырмын. Бұл жерде ешқандай да бір мақтану немесе назар аудару ниетім болған емес", – деді ол.

Ол қоғамда айтылған сын-пікірлерді қабылдайтынын жеткізді. Депутат алдағы уақытта мұндай іс-әрекеттерге жол бермейтінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу