40 миллион тонна руданы 1,5 мың жұмысшының күшімен-ақ өндіретін кеніш тұрғызылды

654

40 миллион тонна руданы 1,5 мың жұмысшының күшімен-ақ өндіретін кеніш тұрғызылды

АЭФ пленарлық отырысында сөз сөйлеген KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Қазақстан тек үлгілерімен ғана емес, сондай-ақ жаңа технологияларымен де мақтана алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды abctv.kz.

"Озық технологиялар қазірден-ақ Қазақстанда бар, оларды өзге елдерде де қолдануға болады. Осыдан 20 жыл бұрын, ел жаңа ғана тәуелсіздік алған тұста отандық тау-кен индустриясы мысалы, 60 мың жұмысшының еңбегін пайдалана отырып, 40 миллион тонна руда шығаратын. Қазіргі кезде бізде сол 40 миллион тонна руданы небары 1,5 мың жұмысшының күшімен-ақ өндіретін кеніш тұрғызылды. Яғни, 20 жылда еңбек өнімділігі 20 есеге артты. Әрине, осыған орай көптеген адамдар бұған дейін өндірісте жұмыс жасаған мыңдаған жұмысшылардың және олардың отбасыларының тағдырына алаңдайды. Жаңа, заманауи жұмыс орындары да ашылады, олар жаңа білімі бар, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын кадрларды қажет етеді", – деді компания басшысы.

Ол мысал ретінде KAZ Minerals кәсіпорнында шөмішінің көлемі жақсы бір театр сахнасының жартысына жететін экскаваторлар жұмыс жасайтынын алға тартты.

Оның дерегінше, озық отандық кеніштердегі инновация мұнымен бітпейді. Айталық, алып жүк көліктерінің шинасына датчиктер ендірілген екен. Олар дөңгелектердің ахуалын, олардың тағы қанша жол жүре алатынын анықтайды.

"Біз ол шиналарды француздық MICHELIN компаниясынан сатып аламыз. Оның орталық кеңсесі осы деректерді ұдайы түрде алып отырады. Осылайша, жүк көліктеріне жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізеді. Біз Аустралияны, Чилиді, АҚШ-ты, Канаданы, Оңтүстік Африка республикасын аралап, әлемдегі ең үздік, заманауи кәсіпорындарды қарадық. Орташа алғанда, бір ауысымда 2 мыңдай адам қызмет етеді екен. Ал қазақстандық дәл сондай озық фабрикаға бір ауысымда бар-жоғы 70 адам қызмет көрсетеді және бұл қызметкерлердің 90 пайызы отандық мамандар. Яғни, технология трансфертімен іс бітпейді, ең бастысы, онымен лайықты жұмыс жасай алатын білікті кадрлар қажет", – деп түйді директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу