400-ге жуық ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылды

751

2020 жылдың соңына қарай ғаламтор желісіне қосылған елдімекендер саны 5 163 жетеді.

400-ге жуық ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылды

2020 жылдың басынан бері 393 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі қосылды, деп хабарлады Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Бұл ауылдық елді мекендерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде мүмкін болды. Жоба 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылуда. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұл жобадағы серіктестері, еліміздің ірі байланыс операторлары: "Қазақтелеком" АҚ, сондай-ақ құрамына "Транстелеком" АҚ  мен "SilckNetCom" ЖШС енген консорциум", – деп жазылған хабарламада.

2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желілерін салып, 1250 шалғай ауылдағы мектеп, аурухана мен әкімдікті кең жолақты интернет желісіне қоспақ.

Елімізде "Оптикалық – талшықты" жоба іске асырылғалы бері 2065 аурухана, мектеп, шұғыл әрекет ету қызметі, әкімдік сынды маңызды нысандары бар 706 ауылға желі жүргізілген.

"Бұл ретте ТОБЖ жобасын жүзеге асыру нәтижесінде  құрылған инфрақұрылымды ұялы операторлары 3G/4G технологияларын ретке келтіру үшін пайдаланбақ", – деп хабарлады министрлік.

Осылайша, 2020 жылдың соңына қарай жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген елдімекендер саны 5 163 жетеді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу