"420 мың теңгеге дейін артады": Елімізде ветеринар мамандардың жалақысы өседі

221

Бүгінде сала мамандарының орташа жалақысы – шамамен 220 мың теңге.

"420 мың теңгеге дейін артады": Елімізде ветеринар мамандардың жалақысы өседі Фото: inform.kz

Құрылтайдың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң жобасын Құрылтай депутаты Серік Егізбаев таныстырды.

Құжатта негізгі бағыттар бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар көзделеді. Біріншісі – мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажырату және ветеринариялық ұйымдардың функцияларын нақтылау.

Атап айтқанда:

- жергілікті атқарушы органдарға қан алу жүйелерін сатып алу функциялары бекітіледі; 
- республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ветеринариялық препараттардың айналымына байланысты қызметтердің толық кешенін, сондай-ақ алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу функцияларын жүзеге асыратын болады; 
- ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қарауында эпизоотиялық ошақтарды тексеру; ветеринария саласында лицензиялар мен рұқсаттарды беру; 
- ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық ветеринариялық препараттарды өндіру саласындағы сараптамалық қызметті жүзеге асыратын болады; 
- сондай-ақ жергілікті деңгейде құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринариялық іс-шараларды орындау, патологиялық материалдардан сынамалар алу және басқа да функциялары нақтыланады. 

Бұдан бөлек заң жобасында ветеринария мамандарын әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларын едәуір жақсарту көзделіп отыр.

"Қазіргі уақытта ветеринар мамандарының орташа жалақысы – шамамен 220 мың теңге. Заң жобасы қабылданған жағдайда жалақыны кем дегенде 420 мың теңгеге дейін арттыру күтілуде", – деді депутат. 

Ветеринария мамандарына:

- кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төлей отырып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кепілдіктері; 

- ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар: ғылым кандидатына – айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторына – негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу;

- арнайы киіммен қамтамасыз ету көзделеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу