Жетісу облысында Қытайға құны 488 миллион теңге болатын алтынды заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы қаласының тұрғыны бағалы металды денесіне жабысқақ таспамен бекітіп, шекарадан өткізбек болған.
Оқиға "Қорғас" шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығындағы кеден бекетінде болған. Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін ер адам алтын құймаларын денесіне жабыстырып алған.
Алайда кедендік тексеру кезінде заңсыз тасымал әшкереленіп, алтын тәркіленді.
Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамның экономикалық контрабанда жасауға оқталғанын дәлелдеді. Панфилов аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен жалпы салмағы 5 келі 764 грамм, құны 488 миллион теңге болатын алтын мемлекет кірісіне айналдырылды.