Алматыда Қытай Халық Республикасының азаматтарынан ақша бопсалаған бір топ адамның қылмыстық әрекеті әшкереленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер шетелдіктерден шамамен 5,5 миллион теңге көлемінде қаражат алған.
– Полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында күдіктілердің тұлғасы қысқа уақыт ішінде анықталды. Біз олардың азаматтарды алдап, жалған полиция қызметкері ретінде ақша талап ету әрекеттерін дер кезінде тоқтаттық. Қазіргі уақытта бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
Тергеу барысында анықталғандай, топ мүшелері бірігіп әрекет етіп, алдымен көшеде жүрген шетелдік азаматтардың біріне жақындап, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Одан кейін олардың уақытша тұрып жатқан мекенжайына бірге барған күдіктілер ақша талап еткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.