banner

5 айда жаңа автокөліктердің сатылымы 10%-ға қысқарды

665

Импорттық модельдердің сатылымы едәуір төмендеген. Ал Қазақстанда құрастырылған автомобильдердің сатылымы тұрақты. 

5 айда жаңа автокөліктердің сатылымы 10%-ға қысқарды

Жыл басынан бері қазақстандықтар автосалондардан 39 987 техника (жеңіл автокөліктер, жүк көліктері мен автобустар) сатып алды. Бес айдағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. Былтыр дәл осы уақытта 44,2 мың автомобиль сатылған еді. 

Автонарықты талдау және мониторинг орталығының мәліметінше, мамырда ресми дилерлер 8 295 автомобиль сатты. Көрсеткіш 2021 жылдың мамырымен салыстырғанда 18%-ға аз. Былтырғы мамырда қазақстандықтар автосалондардан 10 122 автомобиль сатып алыпты. Мамыр айында сатылған ТОП-5 бренд: Chevrolet – 2 630, Hyundai – 1 752, KIA – 914, LADA – 831, Toyota – 641. Volkswagen (-39%), Nissan (43%), Renault (33%) және Toyota (33%) секілді брендтердің көрсеткіші төмендеген. 

"Аталған брендтердің Қазақстандағы ең танымал модельдері бұрын жұмысы тоқтатылған ресейлік зауыттардан жеткізілген. Тиісінше, қазіргі жағдайда олардың нарықтық үлесі біздің елде өндірісі бар брендтер мен Қытайдан тікелей жеткізілетін брендтерге тиесілі болмақ", – дейді Автонарықты талдау және мониторинг орталығының директоры Артур Мискарян. 

Жалпы 5 айда сатылған ТОП-5 брендтің үлесі келесідей: Hyundai – 10 427, Chevrolet – 8 523, KIA – 4 240, LADA – 3 952, Toyota – 3 735. 

"Әлемдік автонарықтағы жағдайды, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей нарығын ескерсек, жақын арада импорттаушылардың бизнес-модельдерінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондай-ақ ірі автоконцерндер тарапынан Қазақстанда бар өндірістік қуаттарды арттыруға деген қызығушылық пайда бомақ. Импорттық автокөліктердің сатылымы дағдарыс жағдайында құбылмалы бола түсетінін тағы да дәлелдеді. Ал локализацияланған модельдердің сатылымы мұндай кезде әлдеқайда тұрақты", – дейді Артур Мискариян.

Бес айдың қорытындысы бойынша, автомобиль сатып алуда Алматы (11,3 мың көлік), Нұр-Сұлтан (8,1 мың көлік) және Шымкент (4,4 мың көлік) қалаларының тұрғындары белсенді болған. Ал Сарыағаш (37 көлік), Рудный (3 көлік) және Түркістан (1 көлік) қалаларындағы сатылым деңгейі төмен.

Еске сала кетейік, бір ай бұрын жаңа автокөліктердің сатылымы 8,5%-ға төмендеген еді. Әсіресе, Nissan, Volkswagen және Renault брендтерінің көрсеткіші құлдыраған. 

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу