Сыйақы құқық қорғау органдары ақпараттың нәтижелілігін растағаннан кейін жарияланған толық шарттарға сәйкес төленеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Компания полиция іздестіріп жатқан азаматтың орналасқан жерін анықтауға көмектескен адамға 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы жариялайды. Бұл бастама құқық қорғау органдарына іздестіру жұмыстары барысында қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр, – делінген хабарламада.
Ол үшін ақпараттың шынайы әрі нақты болуы, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін анықтауға тікелей ықпал етуі тиіс. Қандай да бір ақпаратты білетін адам 102 нөміріне хабарласа алады.
Еске салайық, қайғылы жол апаты салдарынан 5 айлық нәресте көз жұмды. Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқиға 13 қазанда кешкі сағат 17-00 шамасында қаладағы Құлтекенов көшесінде болған.
Жол апатынан әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның басы жарақаттанып, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған. Қасында 2026 жылғы 20 мамырда дүниеге келген ұлы болған. Басынан жарақат алған нәресте де ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Полиция күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оны ұстау үшін қалаға кіретін жолдарда бақылау күшейтіліп, тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Әзірге жүргізушінің қайда жүргені белгісіз.