5 қаланың маңында жаңа кен орнын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

767

Бүгінде Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау, Балқаш қалаларының маңында жаңа кен орнын іздеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

5 қаланың маңында жаңа кен орнын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ол Президенттің тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған "Геология саласын дамыту" бағытын қамтитын "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы қабылдағанын жеткізді.

"Оның аясында зерттеулердің жалпы ауданы 2026 жылға қарай 680 мың км2 асады. Ұлттық жоба шеңберінде 2021 жылы 79 объектіде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен жұмыстар 103 объектіде жүргізіліп жатыр", – деді Талғат Сатиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Төраға ұлттық жоба аясында 5 қаланың маңында жаңа кен орнын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 7 перспективалы учаскеде кен орнын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл учаскелер экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайтын моноқалаларға жақын орналасқан: Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау, Балқаш", – деді басшы.

Оның айтуынша, бүгінде сирек кездесетін металдарға, оның ішінде литийге сұраныстың артқан. Сондықтан шикізаттың осы түрлері бар учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылады.

"Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы Қара-аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде және 12 жаңа учаскеде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмысын бастау жоспарда бар", – деді Талғат Сатиев.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу