Олар "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз шешкен 5 қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық топтардың Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге де қалаларда қағаз жүзінде 30-дан астам стоматологиялық клиника ашып, жалған құжаттар рәсімдегені анықталды.
Аталған медицина ұйымдарының ғимараттары да, жабдықтары да, тіпті қызметкерлері де болмаған. Ең сорақысы, клиника басшыларының медициналық білімі жоқ.
Жалған құжат рәсімдеген күдіктілер тұрғындардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін сыйақы ұстаған. Осылайша, айналымнан шығарылған қаражат көлемі 200 миллиард теңгеден асқан.
– Қылмыстық топтар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 226 "дропперді" пайдаланған. Зейнетақы салымшыларының есебінен күдіктілер 600 миллион теңгеден асатын 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қазіргі уақытта 59 тінту жүргізілді, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуда. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жалғасып жатыр, – делінген ҚМА таратқан ақпаратта.
Тергеуде тек заңсыз схема ұйымдастырушыларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні айтылды. Ал өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
– Барлық процессуалдық әрекет қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде, күдіктілердің адвокаттарымен байланысы шектелмеген. ҚМА қызметкерлерінің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда адвокаттар мен күдіктілер сотқа немесе прокуратураға шағымдана алады, – деп хабарлады агенттік.
ҚМА тілшілерден тексерілмеген және жалған мәліметтерді жарияламауын сұрайды.