Құрылтай депутаты Айдос Сарым 5 мыңнан астам жазылушысы бар әрі жеке басы расталған пайдаланушыларды қайта тіркеуден босату жөнінде ұсыныс тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасындағы 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформалардағы ашық қауымдастықтардың пайдаланушылары мен модераторларын тіркеу механизмі көзделген. Бұл дұрыс, бұнымен келісеміз. Алайда бәріміз жақсы білеміз, жалған ақпарат пен кибербуллинг көбінесе иелерін анықтау қиын ірі анонимді арналардан табылып жатады. Қазіргі норма 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшалар мен аккаунтты қамтып отыр", – деді Құрылтай депутаты Айдос Сарым.
Оның айтуынша, мәселенің ақ-қарасын ажыратып алған дұрыс.
"Мысалы, автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса немесе парақша мемлекеттік органға, компанияға немесе БАҚ-қа ресми тиесілі болса, яғни анықталып жататын болса, оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма? Сондықтан депутаттар тізімге тек анонимді пайдаланушыларды енгізуді ұсынып отыр. Министрлік жеке басы расталған пайдаланушыларды қайта тіркеуден босату жөніндегі депутаттардың ұсынысын қолдай ма?", – деп сұрады ол.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев депутаттардың тиісті ұсынысын қолдап отыр.
"Бұл жөнінде алдын ала талқылау болған. Шынында да, 5 мыңнан астам жазылушысы бола ма, одан көп бола ма, егер аккаунттың иесі кім екені белгілі болса, мемлекеттік органдарға да оны тіркеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Негізгі мәселе 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттарда болып отыр. Мәселен, былтырдың өзінде осы заңнамаға дайындық барысында 120 мыңнан аса заңға қайшы контентті анықтадық. Соны саралап қарағанда оның 20 пайыздан астамы 5 мыңнан аса жазылушысы бар анонимді аккаунттар болып шықты. Сондықтан мемлекет үшін басты мәселе – анонимді аккаунттар. Сіздің ұсынысыңызды жалпы қолдаймыз", – деп жауап берді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салынатынын жазғанбыз.