50-ге тарта еңбек адамы жұмыссыз қалудан қауіптенеді

388

Таразда "Жасыл-ел" жұмысшылары бір күнде күрек-кетпенін тастап, қара жұмысты тоқтатты. 

50-ге тарта еңбек адамы жұмыссыз қалудан қауіптенеді Фото: Qazaqstan.tv

50-ге тарта маман ісі іркіліп, жұмыссыз қалудан қорқады. Базынаға басшылық құлақ түрмеген соң, облыс әкімдігінің алдында айқайға басты.

Тараз тазалығына жауапты жұмысшылар жанайқайы – жалақымен байланысты. 20 күннен бері бүтін жұмысшы кімге қызмет етіп жүргенінен бейхабар. Сан-сауалға жауап іздеген 50 жұмысшы әуелі облыс әкімін іздеді.  

Мәселе былай. "Жасыл-ел Тараз" мекемесі жұмысшылармен еңбек шартын ай басында бұзады. Бүтін қызметшіні жұмыссыз деп тіркейді. Сөйтіп жұмыспен қамту орталығы арқылы, еңбекақыны еселейміз депті.   

Жоспарға сай жиналған жұрт қос мекемеден айлық алуы тиіс болған. Алайда 3 күнде бітуі тиіс тірлік әлі бітпепті. 20 тәулік тентіреп көше тазалаған жұмысшылар еңбектің есептеліп жатқанына күмәнмен қарайды. 

Даладағы  еңбеккерлер түбі далада қаламыз ба деп қапалы. Сол себепті мекемеге қызметтік тексеріс жүргізуді сұрайды.  Себеп - тіркеуде бар, бірақ жұмыста жоқ жұмбақ жандар көбейіпті. Қала берді, трайбализм өршіп тұр дейді.    

"Жасыл ел Тараз" мекемесінде қазір ішкі берешек 1 млрд тг –ден асып тұр. 300 млн тг-ні үйтіп-бүйтіп әрең жапқан. Ал мамандар жұмысшыларға мүлдем жағдай жасалмаған  деп отыр. 

Ал әкімдік жұмыспен қамту орталығына тіркеу арқылы табысты еселетуді көздепті. Бұл жәрдемдесудің қамы екен. Өйткені 80 мың теңгелік  жалақыға келетіндер аз.  Сондықтан қос мекемеден бас-аяғы 170 мың тг тауып бермек болған. Ал 20 күн бойы орталық базасында техникалық ақау болып, түсіндірме шикі жүргізілді деп отыр. 

"Бұл жерде түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жасалмаған.  Себебі сол боп тұр. Ал жанағы арыздағы мәселелердің бәрін мен егжей-тегжейлі мен қараймын. Одан кейін барып шешім қабылдаймын", дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Қала әкімдігі 3 мекеменің айлығын осы әдіспен көтермек. Сөйтіп 450 жұмысшыға сұраныс берген. Қызығы, 6 ай Таразды басқарған әкім қатпар-қатпар арызды көріп аң-таң. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу