Жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қатысты.
Биыл сыйлыққа қатысу үшін 504 өтінім берілген. Алдын ала тексеруден кейін олардың 429-ы конкурстық комиссияның қарауына жіберілді. Іріктеу 10 номинация бойынша жүргізілді.
Өтінімдердің басым бөлігі "Ғылым" аталымына (119) және "Қоғамдық қызмет" бағытына (75) тиесілі. Сондай-ақ "Театр және кино" номинациясына – 58, "Халық шығармашылығына" – 43, "Классикалық музыкаға" – 30 өтінім түскен.
Бұдан бөлек, "Әдебиет" аталымы бойынша 23 өтінім қабылданса, "Эстрада" және "Дизайн және бейнелеу өнері" бағыттарының әрқайсысына 22 өтінімнен берілген. "Спорт" номинациясына – 20, ал "Журналистика" бағытына 17 адам өтінім тапсырған.
Конкурстық комиссия құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам өкілдері, Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері енген.

Іріктеу екі кезең бойынша ұйымдастырылды. 27-29 қазан аралығында алты секциялық отырыс өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша комиссияның жалпы отырысына ұсыныстар әзірленді.
Нәтижесінде 10 номинацияның әрқайсысы бойынша екі үміткерден, жалпы саны 20 адам финалдық кезеңге өтті.
Жиын соңында министр Арман Қырықбаев комиссия мүшелеріне жұмысы үшін алғыс айтып, үміткерлерді әділ әрі жан-жақты бағалаудың және дарынды жастарға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі 26 қарашада өтеді.